Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы туралы

ЕРЕЖЕ

 

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы мемлекеттік басқару және бақылау функцияларын орындауға өкілетті Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының (бұдан әрі - Іс Басқармасы) ведомствосы болып табылады.

2. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Конституциялық заңдары мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің, Іс Басқармасының актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілдегі атауы бар мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарда шоттары болады.

4. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

5. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының, егер заңнамаға сәйкес оған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

7. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

8. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының орналасқан жері: Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй.

9. Мемлекеттік тілдегі толық атауы: «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

Орыс тіліндегі толық атауы: государственное учреждение «Управление материально-технического обеспечения».

10. Осы Ереже Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының құрылтай құжаты болып табылады.

11. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

12. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына кәсіпкерлік субъектілермен Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен түскен кіріс республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

 

2. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

 

13. Осы Ережеге сәйкес Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының миссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісі Төрағаларының, Парламент депутаттарының, Парламент палаталары аппараттары басшыларының, Парламент палаталары аппараттары қызметкерлерінің қызметін уақтылы және сапалы материалдық-техникалық, әлеуметтік-тұрмыстық және көліктік қамтамасыз ету болып табылады.

14. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының міндеттері:

1) Парламент Сенаты Төрағасының, Парламент Мәжілісі Төрағасының, Парламент депутаттарының, Парламент палаталары аппараттары басшыларының, Парламент палаталары аппараттары қызметкерлерінің (бұдан әрі – қызмет көрсетілетін тұлғалар) қызметін материалдық-техникалық, көліктік және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету;

2) Парламенттің қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

3) Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата мен саяси партиялардың фракциялары өткізетін мәжілістерді, конференциялар мен басқа да іс-шараларды қаржыландыруды, оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және оларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру.

15. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының функциялары:

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары аппараттарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастырады;

тұрғын үй қорын тиісті пайдалануды бақылауды жүзеге асырады;

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына тиісті тұрмыстық және жұмыс жағдайын жасау жөнінде жұмыс жүргізеді;

белгіленген тәртіппен қызмет көрсетілетін тұлғаларды, Іс Басқармасының ұйымдарын, өзге де мемлекеттік органдарды көліктік қамтамасыз етуді, автокөлік пен басқа да техниканы сатып алу және жөндеуді, сондай-ақ ресми іс-шараларға, шетелдік делегацияларға, жеке және өзге де заңды тұлғаларға көлік қызметін көрсетуді ұйымдастырады;

белгіленген тәртіппен қызмет көрсетілетін тұлғаларды дене шынықтыру-сауықтыру және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету мәселелерін шешеді;

құрылыстың, қайта жаңартудың, күрделі жөндеудің ағымдағы және перспективалық бағдарламалары мен жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлейді және бекітеді, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының ведомстволық қарасты кәсіпорындары объектілерінің құрылысын, қайта жаңартылуы мен күрделі жөнделуін ұйымдастырады және бақылайды, тұрғын үйді, әлеуметтік-тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы объектілерді жобалауды және салуды ұйымдастырады және бақылайды;

Қазақстан Республикасы Парламентіндегі ақпараттандыру процестеріне мониторинг пен кешенді талдау жүргізуді, оларды әзірлеу мен сүйемелдеуді жүзеге асырады;

Іс Басқармасы мен Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы қарамағындағы ғимараттарда және басқа ғимараттар мен объектілерде қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастырады;

Іс Басқармасы мен Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының балансындағы объектілерді пайдалануды, оларға бекітілген орын-жайларды, жабдық пен өзге де мүлікті, сондай-ақ іргелес жатқан аумақты қалыпты жай-күйде күтіп ұстауды ұйымдастырады;

қызмет көрсетілетін тұлғалардың қызметіне қажетті жағдай жасау мақсатында Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының ведомстволық қарасты кәсіпорындарының жұмысына басшылық етуді, оны үйлестіру мен бақылауды жүзеге асырады;

республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми іс-шараларын өткізу жөніндегі шығыстар сметасын әзірлейді және бекітеді, осы шығыстарды қаржыландыруды жүзеге асырады;

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының ведомстволық қарасты кәсіпорындарының қаржылық қызметін бақылауды жүзеге асырады;

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының құрылымы мен штат кестесін Іс Басқармасымен келіседі;

Іс Басқармасына Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы мен оның ведомстволық қарасты кәсіпорындарының бюджеттік есептілігін (бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша шығыстардың жиынтық есебін), қаржылық есептілігін, ведомстволық қарасты ұйымдардың банк шоттарында ақша қаражатының бар болуы туралы, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы мен оның ведомстволық қарасты кәсіпорындарының дебиторлық пен кредиторлық берешегі туралы, бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) іске асырылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есептерді, сондай-ақ Іс Басқармасының актілерінде белгіленетін басқа да құжаттарды ұсынуды қамтамасыз етеді;

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы мен оның ведомстволық қарасты кәсіпорындарын бақылаумен байланысты мәселелер бойынша Іс Басқармасына қажетті құжаттарды, анықтамаларды, жазбаша және ауызша түсініктемелерді ұсынады;

қолданыстағы заңнамаға сәйкес бақылаушы және қадағалаушы органдар анықтаған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдайды;

полиграфия өнімін шығаруды қамтамасыз етеді, Қазақстан Республикасы Парламентінің полиграфиялық базасын дамытуды үйлестіреді;

заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Парламентінің басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастық жүзеге асыруына қаржылық көмек көрсетеді;

заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуды және қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;

ведомстволық қарасты кәсіпорындардың шарттық-құқықтық жұмысын ұйымдастырады және бақылайды;

бухгалтерлік есептің жүргізілуіне әдістемелік басшылық етуді қамтамасыз етеді және ведомстволық қарасты кәсіпорындарда есеп пен есептіліктің жай-күйін бақылайды;

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлейді;

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының құзыретіне кіретін мәселелерді шешу бойынша мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жүзеге асырады;

республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тиісті саласының уәкілетті органы болады;

Қазақстан Республикасының заңдарында, Президенттің актілерінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында оған жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

16. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының құқықтары мен міндеттері:

1) Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының құзыретіне кіретін барлық мәселе бойынша мемлекеттік органдардан, заңды және жеке тұлғалардан бүкіл қажетті ақпаратты, анықтамалық деректерді сұрату;

2) ведомстволық қарасты кәсіпорындарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;

3) тиісті жоспарлы кезеңге, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылына нақтылау үшін Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының бюджет жобасын Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізгенге дейін Іс Басқармасымен келісу;

4) ведомстволық қарасты кәсіпорындарға бекітілген мемлекеттік мүліктің мақсатты пайдаланылуын және сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

5) ведомстволық қарасты кәсіпорындардың Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының келісімі бойынша тағайындалатын қызметкерлерінің номенклатурасын бекіту;

6) ведомстволық қарасты кәсіпорындармен оларға бекітілген мемлекеттік мүлікті пайдалану талаптары туралы шарт жасау;

7) ведомстволық қарасты кәсіпорындардың қызметін жоспарлау және бекітілген жоспарлардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

8) Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы қызметінің бағыттары бойынша халықаралық ұйымдармен және шетелдік заңды тұлғалармен келісімдер, шарттар жасау;

9) табысқа қол жеткізу мақсатында ведомстволық қарасты кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде барлық қажетті шаралар қабылдау, оның ішінде олар көрсететін қызметтер тарифін келісу;

10) компьютерлік жүйелерді ақпараттық-техникалық қорғау жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру;

11) ақпараттық технологиялардың қолданылуын ескерумен олардың даму перспективасын зерттеу және болжау;

12) ведомстволық қарасты кәсіпорындардың перспективалық даму мәселелерін шешу;

13) ведомстволық қарасты кәсіпорындардың қызметіне тексеріс пен құжаттық тексеру жүргізу;

14) ведомстволық қарасты кәсіпорындарға бекітілген мүлікті алуға немесе қайта бөлуге келісім беру;

15) заңнамада оған жүктелген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

 

 

3. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының қызметін ұйымдастыру

 

17. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына басшылық етуді Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларының жүзеге асырылуына жеке жауапты болатын Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы жүзеге асырады.

18. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысын Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысы қызметке тағайындайды және одан босатады.

19. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасарлары болады, оларды Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысы қызметке тағайындайды және одан босатады.

20. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы басшысының өкілеттіктері:

1) өз орынбасарларының, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;

2) Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және одан босатады, ал Іс Басқармасының актілерінде белгіленген жағдайларда Іс Басқармасымен келіскеннен кейін ғана қызметке тағайындайды және одан босатады;

3) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқарушысының келісімі бойынша ведомстволық қарасты кәсіпорындардың басшыларын қызметке тағайындайды және одан босатады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен оларды аттестаттаудан өткізеді;

4) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқарушысының келісімі бойынша штат кестесін бекітеді;

5) бұйрықтар шығарады, нұсқаулықтар мен қағидаларды бекітеді, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы әзірлейтін нормативтік құқықтық актілер жобаларын дәйектейді, өз өкілеттіктеріне сәйкес тиісті мемлекеттік органдар келісуге енгізетін нормативтік құқықтық актілер жобаларына бұрыштама қояды;

6) Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының Регламентін, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының құрылымдық бөлімшелері туралы ережелер мен қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

7) ведомстволық қарасты кәсіпорындардың еңбекақы төлеу қорын, басшыларының, олардың орынбасарлары мен бас бухгалтерлерінің жалақысын бекітеді;

8) ведомстволық қарасты кәсіпорындардың құрылымы мен штат кестесін келіседі;

9) Іс Басқармасының келісімі бойынша және ведомстволық қарасты кәсіпорындар басшыларының ұсынысы негізінде ведомстволық қарасты кәсіпорындар басшыларының орынбасарларын, бас бухгалтерлерін қызметке тағайындайды және одан босатады;

10) уәкілетті органға ведомстволық қарасты кәсіпорындардың жарғыларын бекітуге ұсынады;

11) Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының қызметкерлерін, ведомстволық қарасты кәсіпорындардың басшыларын, олардың орынбасарлары мен бас бухгалтерлерін көтермелейді;

12) заңнамада белгіленген тәртіппен Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының қызметкерлеріне, ведомстволық қарасты кәсіпорындардың басшыларына, олардың орынбасарлары мен бас бухгалтерлеріне тәртіптік жаза қолданады;

13) барлық мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының атынан өкілдік етеді;

14) заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы болмаған кезде оның өкілеттігін атқаруды қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетін атқарушы тұлға жүзеге асырады.

21. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін белгілейді.

 

 

4. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету

басқармасының мүлкі

 

22. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

23. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

24. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының оған бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша оған бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

 

5. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасын

қайта ұйымдастыру және тарату

 

25. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының қарамағындағы кәсіпорындар тізбесі

 

шаруашылық жүргізу құқығындағы «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының әкімшілік ғимараттары дирекциясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

шаруашылық жүргізу құқығындағы «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының инженерлік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

шаруашылық жүргізу құқығындағы «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының автошаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны.