Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының

регламенті

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Президенттің, Үкіметтің актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзіне жүктелген функцияларды орындау процесінде Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы (бұдан әрі –МТҚБ) қызметінің жалпы қағидаларын белгілейді.

2. Осы Регламентте белгіленген талаптар МТҚБ-ның және оның ведомстволық қарасты кәсіпорындарының барлық қызметкерлеріне қолданылады.

3. Құпия емес іс жүргізуді ұйымдастыру және оны жүргізу, хат-хабарларды қабылдау, өңдеу және тарату, оның ішінде электрондық құжат айналымын жүргізу Кадр жұмысы және құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасына (бұдан әрі-КЖҚҚБ) жүктеледі және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде, «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және ішкі нормативтік емес құқықтық актілерде айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

Құпия іс жүргізуді ұйымдастыру және жүргізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында Құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

4. МТҚБ басшысының орынбасарлары олардың арасында міндеттерді бөлу және олардың өзара алмасымдылығы туралы бұйрығына сәйкес, құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық қарасты кәсіпорындарының жұмысын үйлестіреді және бақылайды, қарамағындағы мәселелер бойынша басқарушылық-өкімдік шешімдер қабылдайды.

5. МТҚБ қызметтік электрондық поштаны МТҚБ-ның құрылымдық бөлімшелері және ведомстволық қарасты кәсіпорындар арасында коммуникацияның ресми құралы және ақпарат алмасу ретінде пайдаланады.

 

2-тарау. МТҚБ-ның жұмысын жоспарлау

6. МТҚБ өз қызметін жоспарлауды МТҚБ-ның жылдық жұмыс жоспары (бұдан әрі – Жұмыс жоспары) негізінде жүзеге асырады.

7. Жұмыс жоспарының жобасын КЖҚҚБ МТҚБ-ның құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары негізінде қалыптастырады, ол жоспарланған кезең басталғанға дейін 25 (жиырма бес) жұмыс күні бұрын ұсынылады.

8. Жұмыс жоспарының жобасын КЖҚҚБ электрондық құжат айналымы жүйесі (бұдан әрі – ЭҚЖ) арқылы құрылымдық бөлімшелердің басшыларына келісу үшін жібереді.

9. Жұмыс жоспарының жобасы МТҚБ басшысының орынбасарларына жоспарланатын кезең басталғанға дейін кемінде 10 (он) жұмыс күні бұрын келісуге енгізіледі және ол бойынша жауап келісуге жіберілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде берілуге тиіс.

Жұмыс жоспарының жобасы пысықтауға қайтарылуы мүмкін. Бұл жағдайда жобаны пысықтауды және қайта енгізуді КЖҚҚБ қайтарылған күнінен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырады.

10. МТҚБ-ның жұмыс жоспарының жобасы жоспарланған кезең басталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде МТҚБ басшысына бекітуге ұсынылады.

11. Жұмыс жоспары төмендегілерді іске асыру мақсатында жасалады:

1) МТҚБ-ның құзыретіне кіретін мәселелерді қозғайтын заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер;

2) МТҚБ орындаушысы (бірлесіп орындаушысы) ретінде айқындалған іс-шаралар;

3) МТҚБ-ның  құрылымдық бөлімшелері орындайтын іс-шаралар.

Жұмыс жоспары оның МТҚБ туралы ережеде айқындалған функцияларды толық көлемде орындауын қамтамасыз етуге тиіс.

12. Жұмыс жоспары мынадай мәліметтерді қамтиды:

1) орындалуы тиіс іс-шаралардың реттік нөмірлері мен атаулары;

2) іс-шараларды орындау мерзімдері;

3) іс-шаралардың орындалуына жауапты құрылымдық бөлімшелер (орындаушылар және бірлесіп орындаушылар);

4) іс-шараларды және оларды орындау тәртібін нақтылау мақсатында өзге де ықтимал мәліметтер.

13. МТҚБ-ның жұмыс жоспарынан іс-шараларды алып тастау немесе олардың орындалу мерзімдерін ауыстыру туралы шешімді тиісті мәселелерге жетекшілік ететін МТҚБ басшысы орынбасарымен келісілген, құрылымдық бөлімшенің бастығы ұсынған қызметтік жазба негізінде МТҚБ-ның басшысы (не оның міндетін атқарушы тұлға) қабылдайды.

14. МТҚБ басшысы бекіткен жұмыс жоспарын орындаушылар мен іс-шараларды бірлесіп орындаушылардың назарына КЖҚҚБ ЭҚЖ арқылы жеткізеді.

15. МТҚБ-ның жұмыс жоспары негізінде құрылымдық бөлімшелер өз жұмыс жоспарларын жасайды.

 

3-тарау. МТҚБ басшысында және оның орынбасарларында өтетін кеңестер 

1-параграф. Кеңестерді тағайындау және өткізу тәртібі 

16.МТҚБ-ның, ведомстволық қарасты кәсіпорындардың қызметі туралы, сондай-ақ қызметтің жекелеген бағыттары (қаржы-шаруашылық қызмет, бюджет қаражатын игеру, инвестициялық жобалар, цифрландыру, объектілерді күтіп ұстау, құрылыс, тексеру нәтижелері, қауіпсіздік мәселелері және т.б.) бойынша кеңестер МТҚБ басшысының, сондай-ақ араларында бөлінген міндеттерге сәйкес оның орынбасарлары басшылығымен өткізілуі мүмкін (бұдан әрі – тақырыптық кеңестер).

17. МТҚБ-ның, ведомстволық қарасты кәсіпорындардың қызметі туралы тақырыптық кеңестерде жарғылық міндеттерді, кәсіпорындардың өндірістік қызметін іске асыру туралы мәселелер қаралады.

Негізгі қызметті қамтамасыз етуге байланысты, оның ішінде МТҚБ-ның барлық кәсіпорындарының қызметін қозғайтын жекелеген бағыттар бойынша ұйымдастыру сипатындағы мәселелер тиісінше барлық ведомстволық қарасты кәсіпорындар бөлінісінде қызметтің тиісті бағыттары бойынша тақырыптық кеңестерде қаралады.

18. МТҚБ басшысының және оның орынбасарларының тақырыптық жиналыстарының кестесін құруды КЖҚҚБ жүзеге асырылады.

МТҚБ басшысының және оның орынбасарларының тақырыптық жиналыстарының кестесі Материалдық-техникалыққамтамасыз ету басқармасының веб-порталы» ақпараттық жүйесі мен ақпараттық тақтаға орналастырылады.

19. Тақырыптық кеңес онлайн немесе офлайн форматында өткізіледі.

20. Тақырыптық кеңес таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты немесе мемлекеттік құпияны құрайтын мәселелер қаралған жағдайда, сондай-ақ төрағалық етуші айқындайтын өзге де жағдайларда офлайн форматта өткізіледі.

21. Тақырыптық кеңеске материалдар дайындауды ведомстволық қарасты кәсіпорындарды және МТҚБ-ның мүдделі құрылымдық бөлімшелерін тарта отырып, күн тәртібінің мәселелері құзыретіне кіретін құрылымдық бөлімше қамтамасыз етеді.

Қажет болған жағдайда жауапты құрылымдық бөлімше тиісті құрылымдық бөлімшелерге, және ведомстволық қарасты кәсіпорындарға мерзімдерін көрсете отырып, қажетті ақпаратты ұсыну бойынша сұрау салу жібереді.

Тақырыптық кеңесте қызметтің әртүрлі бағыттары бойынша мәселелер қаралған жағдайда, оған материалдар дайындауды қызметтің жетекшілік ететін бағыттарына сәйкес, құрылымдық бөлімшелер қамтамасыз етеді.

22. Ұсынылған ақпараттың нақтылығы, дұрыстығы, орындылығы үшін құрылымдық бөлімшелердің және ведомстволық қарасты кәсіпорындардың басшылары жауапты болады.

23. Жауапты құрылымдық бөлімше күн тәртібіне сәйкес құжаттар (қатысушылардың тізімі, күн тәртібі, анықтама, алдыңғы хаттаманың орындалуы (бар болса), хаттама жобасы) топтамасын қалыптастырады, кеңеске қатысушыларды алдын ала шақыруды қамтамасыз етеді. Көрсетілген материалдарды МТҚБ басшысының жетекшілік ететін орынбасарымен келіседі, хаттамада көрсетілген мәселелер құзыретіне кіретін құрылымдық бөлімшелер басшыларына хаттама жобасына бұрыштама қойғызады.

24. Көрсетілген материалдар (таныстырылымдар, баяндамалар, хаттамалық шешімдердің жобалары және т.б.) МТҚБ басшысына немесе оның орынбасарына (тақырыптық кеңес МТҚБ басшысы орынбасарының басшылығымен өтетін жағдайда) тақырыптық кеңес өткізілетін күнге дейін 3 (үш) жұмыс күні қалғанда енгізіледі.

25. Тақырыптық кеңесте қабылданған шешімдер хаттама түрінде ресімделеді.

Тақырыптық кеңес өткізілгеннен кейін хаттаманың жобасына өзгерістер енгізілген жағдайда оның мәтіні 23-тармаққа сәйкес қайта келісіледі және 3 (үш) жұмыс күні ішінде МТҚБ-ның басшысына немесе оның орынбасарына (тақырыптық кеңес МТҚБ басшысы орынбасарының  басшылығымен өтетін жағдайда) қол қоюға ұсынылады.

26. ЭҚЖ-де хаттама жобасын жасау кезінде орындаушы (автор) жүйенің тиісті бөлімінде хаттаманың сыртқы және ішкі орындаушыларын белгілейді. Орындаушыны таңдаудың орындылығы үшін жауапкершілік жүйеде құжат жасауды жүзеге асыратын хаттама жобасының авторына жүктеледі.

27. Таратылуы шектелген мәліметтерді қамтитын, қағаз жеткізгіште қол қойылған хаттама, жауапты құрылымдық бөлімшенің бастығы бұрыштама қойған тарату парағымен бірге хаттаманы орындаушыларға таратуды қамтамасыз ететін КЖҚҚБ-ға береді.

28. Тақырыптық кеңестің хаттамасын, оларды орындау тікелей құзыретіне кірмейтін, құрылымдық бөлімшелердің және ведомстволық қарасты кәсіпорындардың атына жіберуге тыйым салынады.

29. МТҚБ-ның тақырыптық кеңестерінің хаттамалары, сондай-ақ оларға материалдар (күн тәртібі, шақырылғандардың тізімі, анықтамалар, есептер және т.б.) жауапты құрылымдық бөлімшеде сақталады.

Материалдарды сақтау мерзімі, олардың форматы МТҚБ-ның істер номенклатурасына сәйкес белгіленеді.

 

2-параграф. Аппараттық кеңестерді дайындау және өткізу тәртібі 

30. МТҚБ-ның аппараттық кеңестері (бұдан әрі - аппараттық кеңестер) перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарларын орындау, ведомстволық қарасты кәсіпорындардың қызметіне тұрақты бақылауды жүзеге асыру, МТҚБ-ның басшылығы қойған міндеттерді шешу кезінде барынша тиімділікке қол жеткізу үшін олардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында өткізіледі. Аппараттық кеңестер белгілеген мерзімде МТҚБ басшысының немесе оны алмастыратын адамның төрағалық етуімен өткізіледі.

31. Аппараттық кеңестер онлайн немесе офлайн форматында өткізіледі.

Аппараттық кеңестер мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі.

32. Аппараттық кеңестің мақсатын, қаралатын мәселелердің мазмұнын және қатысушылардың құрамын МТҚБ-ның басшысы, оны алмастыратын адам айқындайды.

33. Аппараттық кеңестерді ұйымдастыру, хаттамаларды жүргізу және ресімдеу КЖҚҚБ-ға жүктеледі.

34. Аппараттық кеңеске МТҚБ басшысының орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, ведомстволық қарасты кәсіпорындардың басшылары және кеңесте төрағалық етушінің келісімімен басқа да адамдар қатысады.

35. Аппараттық кеңесте хаттама жүргізіледі. Аппараттық кеңестің хаттамасында тапсырмалар, тапсырмаларды нақты орындаушылар туралы мәліметтер және оларды орындау мерзімдері қамтылады.

Аппараттық кеңестердің хаттамалары, сондай-ақ оларға қатысты материалдар (күн тәртібі, шақырылғандардың тізімі, анықтамалар, есептер және т.б.) КЖҚҚБ-да сақталады.

Материалдарды сақтау мерзімі, олардың форматы МТҚБ-ның істер номенклатурасына сәйкес белгіленеді.

36. Отырыста төрағалық етушінің келісімімен, қажет болған жағдайда аудио және/немесе бейнежазба жүргізілуі мүмкін.

37. Кеңеске шақырылған қатысушыларды хабардар ету, сондай-ақ аппараттық кеңесті өткізу барысында хаттаманы жүргізу КЖҚҚБ-ға жүктеледі.

38. Аппараттық кеңес өткізілгеннен кейін хаттама аппараттық кеңес өткізілетін күні сағат 17.00-ден кешіктірмей, МТҚБ басшысының орынбасарларымен, МТҚБ-ның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен келісіледі және МТҚБ-ның басшысына немесе оны алмастыратын адамға қол қоюға ұсынылады.

39. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуын бақылау қаралатын мәселенің сипаты ескеріле отырып, МТҚБ басшысының орынбасарларына, КЖҚҚБ-ға және МТҚБ құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына жүктеледі.

 

4-тарау. Кіріс және шығыс хат-хабарларды ресімдеу, өткізу, қарау

 

40. МТҚБ-да кіріс және шығыс хат-хабарлармен жұмыс істеу тәртібін МТҚБ-ның басшысы айқындайды.

41. Мемлекеттік органдардың хат-хабарлары белгіленген үлгідегі электрондық құжаттардың тиісті бланкісін пайдалана отырып мемлекеттік тілде (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі) ресімделуі және ЭЦҚ-мен куәландырылуы тиіс.

42. Ведомстволық қарасты кәсіпорындардың хат-хабарлары электрондық құжаттардың белгіленген үлгідегі тиісті бланкісін пайдалана отырып мемлекеттік тілде (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі) ресімделуі, көлемі бір интервал арқылы 3 (үш) парақтан аспайтын және қаріп мөлшері 14 Times New Roman электрондық құжат форматында (docx, xlsx, pdf) болуы және ЭЦҚ-мен куәландырылуы тиіс. Көлемі 3 (үш) парақтан асатын ақпарат ілеспе хатқа жеке қосымшамен ресімделеді.

43. МТҚБ басшысының атына қарау үшін жолданған хат-хабар тек мелекеттік органның бірінші басшының, оның орынбасарларының, аппарат басшысының, оның орынбасарларының және ведомстволық қарасты кәсіпорынның бірінші басшының қолы қойылып жіберіледі.

Өзге тұлғалардың қолы қойылған хат-хабар қарау үшін  МТҚБ орынбасарларына, олардың арасындағы бөлінген міндеттеріне және өзара алмасымдылығына сәйкес жолданады. 

Іссапарға кету, еңбекке жарамсыздық кезеңінде, демалыста болу себебі бойынша жұмыста болмаған жағдайларда осы тармақта көрсетілген тұлғаның міндетін атқарушы адамның қолы қойылған, МТҚБ-ның басшысына жолданған хат-хабарды енгізуге жол беріледі.

44. Тиісті шешім қабылдау үшін бастамашылық тәртіппен МТҚБ-ның атына жіберілетін хат-хабарды ведомстволық қарасты кәсіпорындар мынадай жағдайларда енгізеді:

1) егер мәселені шешу МТҚБ-мен келісуді талап етсе;

2) егер мәселені шешу МТҚБ-ның тікелей құзыретіне кіретін болса;

3) егер мәселені шешу ведомстволық қарасты кәсіпорындар арасында үйлестіруді талап етсе.

45. Ведомстволық қарасты кәсіпорындарға олардың қызметінің ағымдағы мәселелері жөніндегі құжаттарды, сондай-ақ мәселені мәні бойынша шешуді талап ететін ұсыныстарды жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшемен алдын ала пысықтамай, МТҚБ басшылығының атына енгізуге тыйым салынады.

46. КЖҚҚБ күн сайын жұмыс күндері келесілерді қабылдайды:

1) электрондық түрдегі қызметтік хат-хабар сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін. Көрсетілген уақыт өткеннен кейін түскен құжаттар келесі жұмыс күні қабылдауға жатады;

2) қағаз және электрондық түрдегі «қызмет бабында пайдалану үшін» қызметтік хат-хабары сағат 9.00-ден 16.00-ге дейін. Көрсетілген уақыт өткеннен кейін түскен құжаттар келесі жұмыс күні тіркеуге жатады;

3) жеке және заңды тұлғалардың электрондық түрдегі өтініштері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін. Көрсетілген уақыт өткеннен кейін түскен өтініштер келесі жұмыс күні қабылданады.

Бұл ретте жеке және заңды тұлғалардың МТҚБ-ға сағат 16.00-ден кейін қағаз түрінде келіп түскен өтініштері электрондық форматқа цифрландырылады және келесі жұмыс күнінен бастап есепке алынуға жатады.

47. Құжатты дайындаған орындаушының тегі, инициалы, телефон нөмірі, электрондық мекенжайы бір парақтан аспайтын электрондық құжаттың бірінші парағының немесе бір парақтан көп болатын соңғы парақтың төменгі сол жақ бұрышына қойылады (мысалы: Омаров А.Г., тел. 740000, A.Omarov@umto.gov.kz).

48. «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қағаз хат-хабарға құжатқа қол қойған немесе оны дайындаған адам (құжатты орындаушы) қосымшаларға да қол қоюы тиіс.

49. Келесі құжаттар қабылдауға жатпайды:

1) факсимиле, түзетулер және өзге де ластанған, қандай да бір зақымдалған жерлері бар, оның ішінде тескішпен тігілген, шимай қағаздарда және мемлекеттік органдар бланкілерінің көшірмелерінде орындалған қағаз хат-хабар;

2) мекенжайы дұрыс көрсетілмеген (МТҚБ-ның атауын, МТҚБ басшылығының және МТҚБ-ның өзге де қызметкерлерінің лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) дұрыс жазбаған) хаттар;

3) электрондық құжаттар (ЭЦҚ-ны тексерудің теріс нәтижесі, электрондық түзетулер (мәтінде бөліп көрсету, түзетпелер) бар, берілген тапсырмаға сәйкес келмейтін ақпарат қоса берілген, парақтар саны сәйкес келмейді, міндетті деректемелер жоқ және/немесе бланк нысанында көзделген деректемелер, сондай-ақ мәтін дұрыс орналаспаған);

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген талаптарға сәйкес келмейтін электрондық құжаттар қабылдауға жатпайды.

50. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Парламентінің, Премьер-Министрі Кеңсесінің, Президентінің Іс Басқармасының хат-хабарларынан басқа, осы Регламенттің талаптарын бұза отырып ресімделген кіріс хат-хабарлары қабылданбайды және (немесе) КЖҚҚБ сол күні тиісті мемлекеттік органға және ведомстволық қарасты кәсіпорынға кері қайтарады.

51. Егер МТҚБ-ға оның құзыретіне кірмейтін тапсырма, актінің жобасы немесе кеңестің хаттамасы келіп түскен болса, онда аталған тапсырманың, акт жобасының, кеңес хаттамасының нақты себептері мен негіздемелері көрсетіле отырып, келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірілмей жөнелтушіге қайтарылады.

Көрсетілген хат-хабарды қайтару үшін себептер мен негіздерді МТҚБ басшылығының бұрыштамасына сәйкес, орындауына құжат жіберілген лауазымды адам айқындайды.

52. Осы Регламентте белгіленген тәртіппен қабылданған құжаттарды КЖҚҚБ тиісті есепке алу нысандарында немесе ақпараттық жүйелерде тіркейді.

53. Тіркелген және ресімделген кіріс хат-хабарлар МТҚБ-ның басшылығына міндеттерінің бөлінуіне сәйкес беріледі.

54. Шұғыл хат-хабардың көшірмесі келіп түскен құжатта қозғалатын мәселелер құзыретіне кіретін МТҚБ-ның құрылымдық бөлімшесінің басшысына бір мезгілде жіберіледі (таратылуы шектелген мәліметтерді қамтитын хат-хабардан басқа).

55. МТҚБ-ның басшылығы кіріс хат-хабарларын оларға келіп түскен күні, ал шұғыл хат-хабарды шұғыл қарайды. Қарау нәтижелері бойынша олар қарарлар түрінде ресімделетін тиісті тапсырмалар береді.

56. Шығыс хат-хабар электрондық құжаттардың белгіленген үлгідегі елтаңбалық бланкісін пайдалана отырып мемлекеттік тілде (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі), қаріп мөлшері 14 Times New Roman электрондық құжат форматында (docx, xlsx, pdf) ресімделуі және ЭЦҚ-мен куәландырылуы тиіс.

57. Хат-хабарды адресатқа (хат-хабарды алушыға) ЭҚЖ арқылы жіберудің техникалық мүмкіндігі болмаған жағдайда хат МТҚБ-ның елтаңбалық бланкісінде қосымша дайындалады, адресатқа электрондық құжат айналымының ақпараттық жүйесінен басып шығарылған, лауазымды адамның ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжаттың нұсқасын қағаз жеткізгіште жіберуге жол беріледі.

58. МТҚБ-ның құрылымдық бөлімшелері басшыларының ведомстволық қарасты кәсіпорындарға жетекшілік ететін бағыт бойынша әртүрлі сипаттағы хат-хабарларды (сұрау салулар, тапсырмалар, ескертпелер, хабарламалар және т.б.) жіберуге құқығы бар.

59. Парламент Палаталары басшыларының, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысының, оның орынбасарларының және аппарат Басшысының тікелей тапсырмаларын қоспағанда, ведомстволық қарасты кәсіпорындарға орындалу мерзімі екі жұмыс күнінен кем сұрау салулар мен тапсырмалар жіберуге жол берілмейді.

60. Осы Регламенттің талаптарын бұза отырып ресімделген шығыс хат-хабарлар тіркелуге жатпайды және КЖҚҚБ сол күні орындаушыға қайтарады.

 

5-тарау. Тапсырмалардың орындалуын бақылау

1-параграф. Тапсырмалардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру

61. Бақылаудағы құжаттардың уақтылы және сапалы орындалуына жауапкершілік ведомстволық қарасты кәсіпорындардың бірінші басшыларына, МТҚБ құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, сондай-ақ жекелеген лауазымды адамдарға жүктеледі.

Бұл ретте аталған кәсіпорындардың басшылары бақылау жұмысын ұйымдастыруға жауапты бөлімшелер мен лауазымды адамдарды айқындайды.

Ведомстволық қарасты кәсіпорындарға берілген тапсырманың орындалуын үйлестіруді МТҚБ басшысы мен оның орынбасарлары айқындайтын МТҚБ Басшысының жетекшілік ететін орынбасары және МТҚБ-ның лауазымды адамдары жүзеге асырады.

62. Тапсырмалардың жобаларын (оның ішінде жобаларда қамтылғандарды) дайындау кезінде келесілер ескеріледі:

1) көтерілетін мәселелердің пысықталуы;

2) жұмыс жоспарына сәйкестігі;

3) нәтижелілігі және тиімділігі (нақты түпкілікті нәтиже көрсетіледі);

4) орындалу мерзімдерінің нақтылығы (кемінде екі жұмыс күні);

5) экономикалық орындылығы және ресурстармен қамтамасыз етілуі;

6) өзге тапсырмалармен қайталанудың болмауы.

Әртүрлі бақылау құжаттарында қамтылған бір мағыналық жүктемесі бар ұқсас (сондай) тапсырмалар, оның ішінде әртүрлі орындаушыларға берілген тапсырмалар орындалу мерзімі соңғы берілген тапсырманың орындалу мерзіміне ұқсас бір тапсырмаға біріктірілуге жатады.

63. Тапсырмаларды бірнеше орындаушы орындаған кезде атауының тұсына «(жинақтау)» деген белгі қойылған орындаушы, осы белгі болмаған жағдайда – бірінші көрсетілген орындаушы жауапты болып табылады.

64. КЖҚҚБ-мен МТҚБ-ның құзыретіне жатқызылған келесі құжаттар (бұдан әрі – бақылау құжаттары) бақылауға алынады:

1) Президенттің, Премьер-Министрдің және Үкіметтің актілері немесе актілерінің тармақтары;

2) Президенттің тапсырмалары немесе тапсырмаларының тармақтары, оның ішінде әлеуметтік желілердегі оның ресми аккаунттарында немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғандары;

3) Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының және Кеңсе Басшысы,  Президент Әкімшілігі Басшылығының МТҚБ-ның атына орындау мерзімдері көрсетілген немесе бақылауға алу туралы нұсқаулары бар, «өте шұғыл», «шұғыл», «жеделдетілсін» деген белгілері бар тапсырмалары;

4) Үкімет отырыстарының, Премьер-Министрдегі, оның орынбасар-ларындағы, Кеңсе Басшысындағы кеңестердің хаттамалары;

5) депутаттық сауалдар;

6) прокурорлық қадағалау актілері;

7) МТҚБ-ның мүдделерін қозғайтын Конституциялық Кеңестің сауалдары, нормативтік қаулылары мен жолдаулары, сондай-ақ Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша сұрау салулары, ұсынымдары;

8) Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары Төрағалары мен оның орынбасарларының тапсырмалары;

9) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысының, оның орынбасарлары және аппарат Басшысының хаттамалары мен өзге де тапсырмалары;

10) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері.

65. КЖҚҚБ МТҚБ басшысы мен орынбасарларының тапсырмаларын да (егер бұл туралы тапсырмада тікелей көрсетілген жағдайда) бақылауға алады.

66. КЖҚҚБ құжаттардың уақтылы орындалуына бақылауды жүзеге асырады. Бақылаудағы құжаттардың, МТҚБ басшылығы тапсырмаларының уақтылы, сапалы және толық орындалуына жауапкершілік құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық қарасты кәсіпорындардың басшыларына жүктеледі.

 

2-параграф. Тапсырмаларды орындау мерзімі және ұзарту тәртібі        

67. Бақылаудағы құжаттарды орындау үшін құрылымдық бөлімшелер дайындаған құжаттардың жобалары міндеттерді бөлуге сәйкес басшылыққа орындау мерзімі аяқталғанға дейін 4 (төрт) жұмыс күннен кешіктірілмей, ал МТҚБ басшысына орындау мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күннен кешіктірілмей бұрыштама қоюға беріледі.

68. Осы Регламенттің 64 (9) тармақшасын қоспағанда) және 65-тармақтарында тізбеленген актілер, тапсырмалар, сұраулар және адамдардың өтініштері, орындаудың белгіленген мерзімі ескеріліп, мынадай бақылау түріне қойылады:

1) шұғыл – мынадай белгісі бар: «өте шұғыл» – 3 (үш) жұмыс күні ішінде, «шұғыл», «жеделдетілсін» – 10 (он) жұмыс күніне дейін;

2) қысқа мерзімді – 10 (он) жұмыс күнінен 1 (бір) айға дейін;

3) орта мерзімді – 1 (бір) айдан 6 (алты)  айға дейін;

4) ұзақ мерзімді – 6 (алты) айдан астам.

Осы Регламенттің 64-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген тапсырмалар Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Регламентіне сәйкес бақылауға алынып орындалады.

69. Тапсырмаларды орындау мерзімі түскен күннен бастап жұмыс күндерімен есептеледі.

Егер орындау мерзімі жұмыс емес күніне түсетін болса, одан кейінгі таяудағы жұмыс күні мерзімнің аяқталатын күні болып есептеледі.

Аймен есептелетін мерзім айдың соңғы жұмыс күнінің тиісті күнінде аяқталады.

Егер өзге мерзім көрсетілмесе, тоқсанның қорытындысы бойынша ақпарат тиісінше 20 сәуірден, 20 шілдеден, 20 қазаннан және 20 қаңтардан кешіктірілмей ұсынылады.

Егер өзге мерзім көрсетілмесе, жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ақпарат тиісінше 20 шілдеден және 20 қаңтардан кешіктірмей ұсынылады.

Егер өзге мерзім көрсетілмесе, жылдың қорытындысы бойынша ақпарат  20 қаңтардан кешіктірмей ұсынылады.

70. Бірлесіп орындаушы бақылауға қойылған актілер мен тапсырмаларды орындау кезінде жинақтауды жүзеге асыратын орындаушыға өздерінің ұсыныстарын:

1) «өте шұғыл» деген белгісі бар шұғыл бақылауға – тапсырма түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде, «шұғыл», «жеделдетілсін» деген белгісі бар – 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей;

2) орындау мерзімі 15 (он бес) жұмыс күніне дейін қысқа мерзімді бақылауға – белгіленген орындау мерзіміне дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей;

орындау мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнінен астам қысқа мерзімді бақылауға – белгіленген орындау мерзіміне дейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей;

3) орта мерзімді бақылауға – белгіленген орындау мерзіміне дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей;

4) ұзақ мерзімді бақылауға – белгіленген орындау мерзіміне дейін 20 (жиырма) жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.

71. Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының және Кеңсе Басшысының қарарлары бар Президенттің және Президент Әкімшілігі Басшысының бақылаудағы тапсырмалары, егер тапсырмаларда өзге мерзім белгіленбесе, олар түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірілмей орындалады.

72. МТҚБ басшысы мен оның орынбасарларының хаттамаларындағы хаттамалық тапсырмаларды орындау мерзімі отырыс (кеңес) өткен күннен бастап есептеледі. Егер отырыста (кеңесте) нақты тапсырманы орындау мерзімі аталған жағдайда, өз атына тапсырма берілген тиісті құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық қарасты кәсіпорындар өздеріне отырыс (кеңес) хаттамасының түсуін күтпей, отырыстан (кеңестен) кейін тапсырмаларды дереу орындауға кірісуге міндетті.

73. Егер МТҚБ басшысы мен оның орынбасарларының құрылымдық бөлімшелерге және МТҚБ лауазымды адамдарына берген тапсырмаларында орындаудың нақты мерзімі көрсетілмесе, онда мұндай тапсырмаларды бақылауға алу қажеттілігін, оларды орындаудың нақты мерзімдерін белгілеуді құрылымдық бөлімшемен (орындаушымен) келісу бойынша КЖҚҚБ айқындайды.

74. МТҚБ басшысы мен оның орынбасарларының ведомстволық қарасты кәсіпорындарға, олардың лауазымды тұлғаларына берген тапсырмаларын олар тапсырмаға қол қойылған күннен бастап, егер тапсырма берген лауазымды адам өзгеше белгілемесе, екі аптадан аспайтын мерзімде орындайды.

75. Бірлескен орындаушылар МТҚБ басшысы мен оның орынбасарларының тапсырмаларын (хаттамалары, актілері, қарарлары және өзгесі) орындау кезінде өз ұсыныстарын, жинақтауды жүзеге асыратын жауапты орындаушыға, егер тапсырмада өзгеше белгiленбесе, оларды орындау мерзiмi аяқталғанға дейiн 3 (үш) күннен кешiктiрмей, ал орындау мерзiмi 5 (бес) күннен аз тапсырмалар бойынша тиiстi хаттама түскен күннен бастап 1 (бiр) жұмыс күнi iшiнде жібереді.

76. Егер тапсырманы белгіленген мерзімде орындау мүмкін болмаса, онда ведомстволық қарасты кәсіпорынның басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам алдын ала, бірақ белгіленген мерзімге дейін 3 (үш) күннен кешіктірмей, тапсырманың орындалуын үйлестіруге жауапты МТҚБ басшысының орынбасары, МТҚБ лауазымды тұлғаның немесе құрылымдық бөлімше басшысының атына немесе ондай болмаған жағдайда – МТҚБ басшысының атына тапсырманың орындалуының ағымдағы жай-күйі көрсетілген, тапсырманың орындалу мерзімін ұзартуға, оны орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыру қажеттігі дәлелденген, нақты орындалу мерзімі міндетті түрде көрсетілген хат енгізеді.

77. Егер МТҚБ басшысының тапсырмасын белгіленген мерзімде орындау мүмкін болмаса, онда тапсырманы орындауға жауапты МТҚБ-ның лауазымды тұлғасы алдын ала, бірақ белгіленген мерзімге дейін 1 (бір) жұмыс күннен кешіктірмей, тапсырманы орындаудың ағымдағы жай-күйі көрсетілген, тапсырманы орындау мерзімін ұзартуға, оны орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыру қажеттігінің дәлелді негіздемесі бар, міндетті түрде нақты орындау мерзімі көрсетілген хат енгізеді.

Осындай талап МТҚБ басшысы орынбасарлары тапсырмаларын орындау кезінде белгіленеді.

78. МТҚБ басшысы мен оның орынбасарларының тапсырмаларын уақтылы орындамағаны үшін, мерзімді бұзуға жол берген ведомстволық қарасты кәсіпорынның басшысы, сол сияқты берілген тапсырманың орындалуын үйлестіруді жүзеге асыратын МТҚБ-ның құрылымдық бөлімшесі жауапты болады.

79. МТҚБ басшылығының тапсырмаларын орындау туралы ақпаратты орындаушы электронды түрде ресімдейді және ЭҚЖ-де тіркеледі.

Баяндалған мәліметтердің дұрыстығына тапсырманың орындалуына жауапты болып табылатын ведомстволық қарасты кәсіпорынның немесе құрылымдық бөлімшенің басшысы жауапкершілік алады.

 

3-параграф. Бақылаудан алу тәртібі

80. МТҚБ басшылығының бақылаудағы құжатын, бақылаудағы тапсырмасын оған қол қойған немесе тапсырма берген, сондай-ақ оны орындау жүктелген лауазымды тұлға бақылаудан алады.

81. Тапсырма берген лауазымды тұлғаның атына жауапты орындаушы жіберетін бақылаудағы тапсырмалардың орындалуы туралы есепте міндетті түрде келесілердің бірі қамтылуы тиіс:

1) егер объективті себептер бойынша тапсырманы белгіленген мерзімде орындау мүмкін болмаса, жаңа нақты мерзімін көрсетіп не орындау мерзімін ұзарту туралы өтініш;

2) ақпаратты ұсыну кезеңділігі мен нақты орындау мерзімін көрсетіп, орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыру туралы өтініш;

3) егер тапсырма толық көлемде және сапалы орындалған болса бақылаудан алу туралы өтініш;

4) егер тиісті тапсырмада мерзімді ақпарат ұсыну көзделген болса не құжаттың ақпарат тәртібімен енгізіліп отырғаны туралы жазба қамтылуға тиіс. 

82. Іс-шаралар жоспарларының және тапсырмалардың, оның ішінде хаттамалық тапсырмалардың нақты тармақтарын бақылаудан алу үшін:

1) толық және сапалы орындау;

2) бұрын берілген тапсырманы қамтитын (қайталайтын) жаңа тапсырма;

3) туындаған объективті мән-жайға байланысты орындаудың мүмкін болмауы;

4) орындалуын одан әрі бақылаудың басқа лауазымды тұлғаға, оның ішінде ведомстволық қарасты кәсіпорынға берілуі.

83. Ведомстволық қарасты кәсіпорындар орындаудағы барлық тапсырмаларға қайталануы мен өзектілігі тұрғысынан тоқсан сайын талдау жүргізеді. Қайталанатын және өзекті емес тапсырмалар болған жағдайда есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-ы күніне дейінгі мерзімде КЖҚҚБ-на тиісті ұсыныстар енгізіледі.

 

6-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру 

84. МТҚБ-да жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

85. Жеке және заңды тұлғаның өтініштерін қарау мерзімі түскен күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күнін, арызды – 20 (жиырма) жұмыс күнін құрайды.

86. Жеке және заңды тұлғаның өтінішін қарау мерзімі бірінші басшының немесе оның орынбасарының уәжделген шешімімен өтінішін дұрыс қарау үшін маңызы бар іс жүзіндегі мән-жайды белгілеу қажеттілігіне байланысты 2 (екі) айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, ол туралы өтініш берушіге мерзім ұзартылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде хабарланады.

87. Өкілеттігіне өтінішті қарау кірмейтін, әкімшілік органға немесе лауазымды адамға түскен өтініш, түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімнің қатысушысына бір мезгілде хабарлап, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды тұлғаға қайта жіберіледі.

88. МТҚБ басшысы мен оның орынбасарларының азаматтарды қабылдауы азаматтарды қабылдаудың бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі.

 

7-тарау.  Құрылымдық бөлімшелердің өзара әрекет етуі

89. Құрылымдық бөлімше басқа құрылымдық бөлімшелерден осы құрылымдық бөлімшенің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қажетті ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.

90. Басқа құрылымдық бөлімшеден ақпарат алуға құрылымдық бөлімшенің сұрау салуы сұрау салушы құрылымдық бөлімшенің басшысы қол қоятын қызметтік жазбамен ресімделеді.

91. Сұратылған ақпарат жауап беретін құрылымдық бөлімшенің басшысы қол қоятын қызметтік жазбамен ресімделеді және сұрау салушы құрылымдық бөлімшеге сұрау салуда көрсетілген мерзімде ұсынылады (сұрау салуда ақпарат беру мерзіміне нұсқау болмаған кезде - сұрау салу алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беріледі).

92. Құрылымдық бөлімшелердің сұрау салулары мен келіп түсетін сұрау салуларға жауаптар қатаң түрде өз құзыреті шеңберінде жіберілуі тиіс.

 

8-тарау. МТҚБ басшысының бұйрықтары

жобаларын әзірлеу және келісу

93. МТҚБ басшысы бұйрықтарының жобаларын (бұдан әрі – бұйрықтардың жобалары) дайындау заңнамалық актілер, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері негізінде жүзеге асырылады. Бұйрықтардың жобаларын құрылымдық бөлімшелер МТҚБ басшылығының тапсырмасы бойынша әзірлейді.

94. Бұйрықтардың жобаларын дайындау мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, қажет болған жағыдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын сақтай отырып, олардың әзірленуі орыс тілінде жүргізілуі мүмкін.

95. Бұйрық жобасын әзірлеуші жобада бір мезгілде, егер мұндай қажеттілік оған қол қойылғаннан кейін туындаса, бұрын қабылданған бұйрықтарды бұйрық жобасына сәйкестендіру жөніндегі нормаларды ескереді.

96. Бұйрықтардың жобаларына МТҚБ басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам қол қояды және егер онда өзге мерзім белгіленбесе, қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

97. Бұйрықтардың орындалуын бақылау басшының орынбасарларына (міндеттердің бөлінуіне сәйкес) жүктеледі.

Бұйрыққа қол қойған тұлға оның орындалуының бақылауын өзіне қалдыра алады.

98. Бұйрық жобасын МТҚБ-ның құрылымдық бөлімшесі (орындаушы) әзірлейді және келісуге дейін орындаушы және осы құрылымдық бөлімшенің басшысы немесе оны алмастыратын тұлға бұрыштама қояды. Құрылымдық бөлімше (орындаушы) бұйрық жобасын дайындау кезінде оның сапалы әзірленуін және оның Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және МТҚБ-ның ішкі нормативтік құжаттарына сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті.

Бұйрықтың жобасы қаралатын мәселенің мәніне қарай мүдделі құрылымдық бөлімшелермен алдын ала келісіледі.

Бұйрықтың жобасы алдын ала келісілгеннен кейін бұйрық жобасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі мақсатында құқықтық сараптама жүргізу үшін заң бөліміне, сондай-ақ іс жүргізу саласындағы нормативтік құжаттарда белгіленген бұйрықтарды ресімдеу және жоба мәтіндерінің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі теңтүпнұсқалығы жөніндегі талаптардың сақталуын тексеру үшін КЖҚҚБ-ға енгізіледі.

Заң бөлімі мен КЖҚҚБ тексерген бұйрық жобасы МТҚБ басшысы орынбасарларына, олардың арасында міндеттерді бөлу және олардың өзара алмасымдылығына сәйкес келісу үшін ұсынылады.

Құрылымдық бөлімшелер басшыларының (не оларды алмастыратын адамдардың) және МТҚБ басшысы орынбасарларының бұйрық жобасын келісуі және оған бұрыштама қоюы, сондай-ақ келіспеушіліктер болған кезде бұйрық жобасы бойынша дәлелді ескертулерді ресімдеуі және ұсынуы үш күн мерзімде, құжат шұғыл болған жағдайда, егер МТҚБ басшылығы өзге мерзімдерді белгілемесе, бір күн мерзімде жүргізіледі.

Бұйрықтардың жобалары бұйрық жобасында қарастырылған мәселедегі міндеттерді бөлу сәйкестігіне мүдделі басшылармен ғана келісіледі.

Құрылымдық бөлімшелер бұйрық жобаларына өз ұсыныстары мен ескертулерін қатаң түрде өз құзыреті шегінде енгізуге құқылы.

Қолданыстағы нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізуді көздейтін жобаларға осы Регламентке қосымшаға сәйкес нысандар бойынша салыстырма кесте және түсіндірме жазба қоса беріледі.

99. МТҚБ бұйрығын тіркеу жеке құрам бойынша бұйрықты қоспағанда, оған реттік нөмір беру және ол туралы ақпаратты бұйрықтар тізіліміне енгізу жолымен ЭҚЖ арқылы МТҚБ-да жүргізіледі. Жеке құрам бойынша бұйрық "Е-қызмет" ақпараттық жүйесінде тіркеледі. МТҚБ бұйрықтарын тіркеу КЖҚҚБ-да жүргізіледі.

КЖҚҚБ бұйрықтардың жүйелендірілуін және сақталуын қамтамасыз етеді.

100. Бұйрықтар ЭҚЖ арқылы жіберіледі. Бұйрықтарды тарату тізбесі бұйрықты дайындауға жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысымен келісіледі. Қажет болған жағдайларда бұйрықтарды МТҚБ қызметкерлері таныстыруға тиіс.

101. Қызметтік қажеттілікке байланысты МТҚБ құрылымдық бөлімшесінің сұрау салуы бойынша бұйрықтардың көшірмелері беріле алады, олар КЖҚҚБ-ның мөрімен және бұйрықтардың сақталуына жауапты лауазымды тұлғаның қолымен расталады.

102. Бақылау мен мониторингті жүйелеу мақсатында негізгі қызмет бойынша бұйрықтардың жобаларын әзірлейтін құрылымдық бөлімшелер енгізілетін өзгерістер немесе толықтырулар туралы ақпаратты жүйелеу не олардың күшін жою немесе оларды жою үшін негізгі қызмет бойынша салалық бұйрықтардың өз тізбелерін жүргізеді.

 

  10-тарау. Қорытынды ережелер

103. МТҚБ-ның лауазымды тұлғалары, құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық қарасты кәсіпорындарының басшылары өз өкілеттіктерін қатаң түрде олар үшін белгіленген құзырет шеңберінде жүзеге асыруға тиіс.

104. Осы Регламенттің нормаларын тиісінше орындамағаны үшін МТҚБ-ның лауазымды тұлғалары, құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық қарасты кәсіпорындарының басшылары дербес жауапты болады.

105. Осы Регламент талаптарының сақталуын бақылауды КЖҚҚБ жүзеге асырады.

106. Осы Регламентпен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

 

____________________________

 

 

 Материалдық-техникалық

 қамтамасыз ету басқармасының

регламентіне  қосымша

Нысан

 

 

«_______________________» Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы басшысы бұйрығының жобасына

САЛЫСТЫРМАЛЫ КЕСТЕ   

Р/с

 

Қолданыстағы редакция

 

Ұсынылатын редакция

 

Негіздеме

«_______________________________________________» Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы басшысының 20__ жылғы «____» ___________ №____ бұйрығы

1.

 

 

 

2.

 

 

 

 _______________________________ қағида

1.

 

 

 

2.

 

 

 

 

 

Лауазымы                                                                        А.Ә.Т.

 

 

Материалдық-техникалық

қамтамасыз ету басқармасының

регламентіне  қосымша 

Нысан

 

 

«_______________________»

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы басшысы бұйрығының жобасына   

ТҮСІНДІРМЕ ЖАЗБА

 

  

 

  

Лауазымы                                                                        А.Ә.Т.