27.05.2024

Серік Бақтияр МТҚБ Басшысы лауазымына тағайындалды

ҚР Президенті Іс басқарушысының бұйрығымен Серік Бақтияр «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» ММ Басшысы болып тағайындалды.

Бүгін, 27 мамыр күні ҚР Президентінің Іс басқарушысы Асат Нұрпейісов МТҚБ ұжымына жаңа басшыны таныстырып, болашаққа міндеттер қойып, алдағы қызметіне жетістіктер тіледі.

Бақтияр Серік 1985 жылы 21 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысында Сарыағаш ауданында туған.

2007 жылы ҚР ІІМ Қарағанды заң институтын «заңгер» мамандығы бойынша, 2010 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2003 жылы Астана қаласының Ішкі істер органдарындағы қызметтен бастаған.

Әр жылдары Қарағанды облысы әкімінің аппаратында, Үкімет аппаратында, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде жұмыс істеді.

2022 жылдан бастап қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты Басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.