23.09.2022

Ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың басшылық құрамы МТҚБ-да тағылымдамадан өтеді

Ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың 10 орынбасары қыркүйек пен қараша айлары аралығында ҚР ПІБ Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасында тағылымдамадан өтеді. МТҚБ басшылығы қызметкерлерді кәсіби өсуге және құзыреттерін кеңейтуге ынталандыру және жігерлендіру мақсатында практикалық тәжірибе алу үшін жағдай жасау қажеттігі жөнінде шешім қабылдады.

Мәселен, әр апта сайын қандай да бір кәсіпорын директорының орынбасарларының бірі ведомстволық бағынысты кәсіпорындармен жұмыс жөніндегі Басқармаға іссапарға жіберіледі. Іссапар барысында олар МТҚБ және басқа да кәсіпорындардың қызметіне араласа отырып, белсенді қатысушы тұрғысынан бизнес-процестерді ішінен көре алады.

«Ұйымдастырылып отырған тағылымдамалардың бір мақсаты – нетворкинг. Іскерлік ортада, басқару процестерінде іскерлік этика аясында коммуникация мен тиімді қарым-қатынасты сақтау маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, бұл табиғи жағдайда, еңбек қызметі процесіне «ену» арқылы өзіндік оқыту және біліктілікті арттырудың бір түрі», - деп атап өтті МТҚБ басшысының орынбасары Серік Кенжебаев.

Тағылымдама үшін жаһандық деңгейде 4 міндет айқындалды: стратегиялық ойлауды және басқарушылық құзыреттілікті қалыптастыру; ой-өрісті және жұмыстағы тәсілдемелерді кеңейту; МТҚБ ішінде де, басқа ведомстволық бағынысты кәсіпорындардағы әріптестермен де нетворкинг және коммуникация құра алу; ҚР МТҚБ және ПІБ жүйесіне кіретін кәсіпорындар жұмысының ерекшеліктерін барынша егжей-тегжейлі түсіну.

МТҚБ инженерлік орталығының Бас АТ-сәулетшісі Нұрлан Аманжолов тағылымдамадан өткеннен кейінгі алғашқы әсерімен бөлісті: «Өткен аптада мен тек өзімнің кәсіби қызығушылығым – цифрландыру қызметімен ғана емес, сонымен қатар көптеген процестермен, оның ішінде кәсіпорындардың қызметін ұйымдастырумен тереңірек таныса алдым. Әріптестермен жақын танысу қарым-қатынас процесін орнатуға мүмкіндік берді. Онымен қоса, мен сыни тұрғыдан ойлау қабілетімді күшейте алдым. Онда мәселені шешу бес кезеңнен тұрады: дайындық, тапсырмамен танысу, шешім әзірлеу, түпкілікті шешімді таңдау және таңдау нәтижесін бағалау. Басқаша айтқанда, енді мен мәселелерді жүйелі түрде шешуге кірісемін».

МТҚБ Автошаруашылығы директорының орынбасары Айгүл Ескендірова да өз тәжірибесімен бөлісті: «Тағылымдамадан өте отырып, біз МТҚБ-ның барлық бөлімшелеріндегі әріптестерімізбен өзара іс-қимылдың баға жетпес практикалық тәжірибесін аламыз. Сонымен қатар, мен аналитиктермен жұмыс істей алдым, олардың жұмыс тәсілдемелері мен жаңа құралдарды зерттедім, үлкен деректерді талдау алгоритмдерін құру әдістерін үйрендім. Бұл менің жұмысым үшін пайдалы болары анық».

Қысқа мерзімді перспективада МТҚБ-да тағылымдамадан өтуге жастар мен шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері арасынан үздік қызметкерлер ұсынылады деп жоспарлануда. Аталмыш тәжірибені іске асыру жүйелі негізде жоспарланып отыр. Бұл таланттарды іздеу және олардың қатысуын арттыру жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.