23.02.2023

Ұжымның тілектері орындалады

МТҚБ Әкімшілік ғимараттар дирекциясының коммерциялық қызметінен түскен барлық кірістері енді ұжымды әлеуметтік қолдауға бағытталады. Бұл шешім туралы ҚР ПІБ МТҚБ басшысы Әлихан Жамсатов «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының әкімшілік ғимараттары дирекциясы» РМК қызметкерлерімен кездесуде айтты.

Әкімшілік ғимараттар дирекциясында аспаз, инженер, электрик, тазалықшы, сантехник сынды барлығы 30-дан астам мамандықтың иелері еңбек етеді. 500-ден астам қызметкер бір залға сыймайтындықтан, Ә.Жамсатовтың МТҚБ ӘҒД ұжымымен кездесуі бірнеше кезең бойынша өтіп жатқанын айта кетейік. Кездесу барысында жұмысшылардың жұмыс жағдайына қанағаттануы және өткен жылы көтерілген маңызды мәселелердің шешімі туралы айтылды.

Қызметкерлерді алаңдатқан басты мәселе – жалақыны көтеру мәселесі биылғы жылдың басынан шешілді, еңбекақы 20%-дан 30%-ға дейін өсті. Сондай-ақ, қызметкерлер шипажайға сауықтыруға жолдама ала бастады.

«Біз директормен бірге жағдайды талқылай келе, биылдан бастап кәсіпорын есебінен шипажайға сауықтыруға жіберілетін мамандар санын екі есе көбейту туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуге енді коммерциялық қызмет есебінен түсетін табыстардың 50%-ын ғана емес, барлығы бағытталатын болады», - деді Әлихан Жамсатов.

Басшының шешімін ұжым оң қабылдады.

Ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерімен кездесулерді МТҚБ басшысы жылына кемінде екі рет тұрақты түрде өткізеді. ӘҒД ұжымының жиналыс циклы 1 наурызда аяқталады.